Abstract


The Transformation of the Female Image in Kazakh Literature During the Colonial Era

Әйел тағдыры қай кезеңде де өзекті болған. Қазақ әйелі ел басына күн туғанда атқа мініп, жауға шауып, даналығымен ел басқарған кездері де болған. Тарихта ондай әйелдердің есімдері де қалған. Бірақ уақыт өте қазақ әйелінің бейнесі өзгерді. Оған себеп халықтың басынан кешірген тарихы және оның әдебиетке тигізген әсері. Біз зерттеу нысанымызға алып отырған ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі әйел образы біршама өзгеріске түскенін байқаймыз. Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінде әйел образын бейнелеген шығармалар көп жазылды. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзгерістер әйелдің халіне тікелей әсер еткен. Қазақ даласында жүргізілген отаршылдық саясат, құндылықтардың өзгеруі, білім-ғылымның дамуы, отырықшы өмір салтына көшуі, қала мәдениетінің қалыптасуы – бұлар ХХ ғасыр басындағы қазақ тұрмысын сипаттайтын басты белгілер. Міне, қоғамдағы осындай өзгерістердің барлығы әдебиетте көрініс тапқан. Біз зерттеу мақаламызда ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесі қалай өзгергенін, оған себеп болған факторларды сол кезеңде жазылған шығармалар арқылы анықтап, талдау жүргіземіз. Отаршылдық қазақ әйелінің тағдырына, бейнесіне, қоғамдағы рөліне қалай әсер етті деген сауалға жауап іздейміз. Отарлық кезеңде жазылған М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романдарына талдау жасалады. ХХ ғасыр басында қазақ прозасы жанрлық, тақырыптық, идеялық тұрғыдан жаңа белеске көтеріліп, ұлттық ойлау жүйесінің негізі сақтала отырып, қазақ әйелінің жаңа бейнесі қалыптасқаны сараланады.



Keywords

қазақ әйелі, қазақ әдебиеті, проза, отаршылдық, әйел бейнесі


Kaynakça