Виртуалды кеңістікте жаһандық коммуникация кеңейіп жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас және ондағы коммуникацияның ерекшеліктері туралы лингвистикалық зерттеу қазіргі таңда әлемге ортақ проблема. Жер жаһанды жаулаған интернеттің адам өміріне дендеп енгені соншалық, әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасаудың ауызша және жазбаша коммуникация түрлерінен айырмашылығы, артықшылықтары мен кемшіліктерін талдаудың маңызы зор. Мақаланың мақсаты қазіргі ұлттық әдеби тілінде интернет арқылы немесе коммуникацияның жаңа саласында қандай өзгерістер болып жатқанын анықтау. Ғаламтордағы тіліміздің лексикалық-семантикалық қорын байытатын бірліктерді сұрыптап, кодтап, бір қалыпқа түсіру қажет болса, еікнші жағынан әдеби емес қолданыстарды реттеп, қадағалап отыру керек. Қазіргі қоғамлағы ең маңызды өзгеріс – қарым-қатынас түрінің өзгеруі. Жұмыста әлеуметтік желілердегі қарым-қатынастың жазбаша және ауызша тілден айырмашылығы, оларды қабылдау және олардағы жеке қарым-қатынас стилінің ерекшеліктері талданады. АТ мамандары виртуалды байланысты бетпе-бет байланысты алмастыратындай дәрежеде жақсарту үшін әртүрлі интерфейстерді құру жолдарын үнемі зерттейді. Бұл зерттеу онлайн ортада қарым-қатынас жасаудың психологиялық, әлеуметтік және тілдік аспектілерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ интернет коммуникациясының тілдік және әлеуметтік әсерін сараптауға бағытталған.
әлеуметтік желі, интернет-коммуникация, онлайн қарым-қатынас, ауызша сөйлеу, жазбаша қатынас.