Бұл мақалада қазақ тілін түркітілдес студенттерге транслингвалды аспектіде оқытудың дидактикалық негізі жайы қарастырылады. Жаһандану дәуірінде көптілділік пен мәдениаралық қатынастың маңызы артып, шетелдік, оның ішінде түрікмен студенттерге қазақ тілін транслингвалды аспектіде оқытудың әдіснамалық негізін айқындау қажеттілігі туындап отыр. Қазақ және түрікмен тілдері түркі тілдеріне жататындықтан, олардың арасында лексикалық, грамматикалық және контекстикалық ұқсастықтар бар. Дегенмен, кейбір грамматикалық құрылымдар мен сөздердің мағыналық айырмашылықтары студент үшін қиындықтар туғызуы мүмкін. Аталмыш мәселені шешу жолдарының бірі - қазақ тілін түркітілдес студенттерге транслингвалды аспектіде оқытудың басты ұстанымдарын нақтылап, әдіснамалық негізін анықтау. Қазақ тілін түркітілдес студенттерге транслингвалды аспектіде оқытудың дидактикалық ұстанымдары студенттердің өз тіліндегі білімдерін жаңа тілді меңгеруде қолдануға бағыттала келе, тілдер арасындағы байланыс, салыстырмалы талдау және интерактивті тәсілдерге негізделеді. Тілді транслингвалды аспектіде оқытуда жалпыдидактикалық ұстанымдарды басшылыққа алу студенттердің қазақ тілін меңгеруін жеңілдетіп, тілдік тосқауылдарды азайтады. Сонымен қатар, бұл ұстанымдарды басшылыққа алу студенттердің тілдік қабілеттерін дамытып, олардың жаңа тілдік құрылымдарды түсінуіне және қолдануына көмектеседі. Мақалада транслингвалды аспектіде оқытудың әдіснамалық негізгі қағидаттары, оны түркітілдес студенттерге тілді меңгертуде басшылыққа алу тиімділігі жан-жақты талданады. Зерттеу нәтижелері бұл дидактикалық негізгі қағидаттарды басшылыққа алу тілдік дағдыларды дамытуға ғана емес, студенттердің мәдениетаралық құзыреттілігін арттыруға да ықпал ететінін көрсетеді. Тілді транслингвалды аспектіде оқытуда әдіснамалық қағидаттарды басшылыққа алу үйренушілердің ынтасын арттырып, тілді тез меңгерулеріне мүмкіндік туғызады.
транслингвизм, транслингвалды аспект, бөгде тіл, түркітілді студенттер, әдіснамалық негіз.